Атырау облысында ауыл тұрғыны үйіндегі шеберханасында аяқкиім тігеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында ауыл тұрғыны үйіндегі шеберханасында аяқкиім тігеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Махамбет ауданының Алға ауылында тұратын Жанаргүл Аманғалиева бала күнінен тігін тігеді. Енді ол бала күнгі хоббиін кәсіпке айналдырған.

«Тігін тігу ісін анамнан үйренген едім. Қолымнан ине-жіп түскен емес. Бастарқыда аяқкиім тігумен тек хобби ретінде айналысып, ағайын-туманың тапсырысын орындап жүрдім. Кейіннен оны кәсіпке айналдыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға бекіндім. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарынан, «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалынан кеңес алып, бизнес-жоспар жасадым. Содан соң 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 млн 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға қол жеткіздім. Тігін мәшинкесін, өзге де секілді құрал-жабдықтарды сатып алып, үйден шағын шеберхана аштым», -дейді Жанаргүл Аманғалиева.

Ол аяқкиімнің сапалы болғанын қалайды. Сол себептен, сапалы жіпті Иран мен Түркиядан тапсырыспен алдырады.

«Келінім де – өзім секілді қолөнерге жақын жан. Үйден көрпе тігіп, ою ояды. Оның бәрін тапсырыспен жасайды. Өзім бір күнде 2-3 жұп аяқкиім дайындаймын. Бағасы – 5 мың теңге. Енді балаларға арналған және жабық үлгідегі аяқкиімдерді тоқуға көшемін», -дейді Жанаргүл Аманғалиева.

Оның айтуынша, аяқкиімнің базар мен дүкенде сатылатын түрлерінен бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, аяқты терлетпейді. Екіншіден, иіс шығармайды. Үшіншіден, бұл аяқкиім жуған соң өңін бұзбайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрынҚұлсары қаласында жас кәсіпкер кір сабын өндірісін қолға алғанын жазған едік.

Фото: Махамбет аудандық әкімдігі