Атырау облысында ауылдағы саябақты күрделі жөндеуге 100 млн теңге бөлінді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы Мұқыр ауылындағы саябақты күрделі жөндеуге 100 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұқыр ауылдық округінің әкімі Азамат Жақсиевтің мәліметінше, мұнда 5 мыңға жуық адам тұрады. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ауылдағы орталық саябақта күрделі жөндеу басталады.

«Орталық саябақтың күрделі жөндеу жұмыстарына 100 млн 797 мың теңге бөлініп отыр. Бұл жұмысты мердігер «Жайық Сити» ЖШС жүргізеді. Саябақта демалыс орындары, мерекелік іс-шаралар өткізуге арналған жазғы сахна, Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған боздақтар мен майдангерлер аты-жөні жазылған тақта, балалар ойын алаңы жасақталады. Көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Жөндеу жұмысы келесі жылдың соңында аяқталады», - дейді Азамат Жақсиев.

Қазір Мұқырда не клуб, не мәдениет үйі жоқ. Ауылда 2017 жылы мәдениет үйінің құрылысы басталғанмен, әлі толық бітпей, тоқтап тұр. Ал, саябақ бірнеше жылдан бері қараусыз, жөндеусіз қалған.

Мұқыр ауылдық клубының директоры Асқар Есенғалидың айтуынша, 15 жылдан бері мектептің акт залы жалданып отыр. Мәдени іс-шараның барлығы осы Мұқыр орта мектебінің акт залында өтеді. Музыкалық аспаптар аядай бөлмеде тұр.

«Мектептің акт залын ауылдық клубтың жалға алғаны бізге оңай болмай тұр. Өйткені, мектептің де өткізетін тәрбиелік іс-шаралары бар. Клуб пен мектеп бір мезгілде іс-шара өткізуді жоспарласа, бір-бірімізге кедергі келтіретінімізді жасыра алмаймын», - дейді Мұқыр орта мектебінің директоры Венера Мырзағали.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 15 ауыл дамитынын жазған едік.