Атырау облысында гараждағы екі көлік өртеніп, шетелдік азамат күйіп қалды

Фото: None
АТЫРАУ ҚазАқпарат – Атырау облысында гараждағы екі көлік өртеніп, шетелдік азаматты күйік шалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, өрт кеше, 4 қазанда Құрманғазы ауданында болған.

Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөліміне сағат 13:46-да Құрманғазы ауылының Жерұйық көшесінде орналасқан тұрғын үйдің жанып жатқаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 13:50-де жетті.

Сол кезде жалпы ауданы 150 шаршы метр болатын уақытша тұрғын үй мен оған жапсарлас салынған гараждың төбе жабындысы жанып жатқаны анықталды.

Жалын салдарынан гараждың ішінде тұрған «Toyota Ipsum» және «ВАЗ-2114» маркалы екі автокөлік толықтай жанып кетті.

Өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде уақытша тұрғын үйдің әрі қарай өртенуіне жол берілмеді.

«Өрт сағат 14:33-те оқшауланып, сағат 14:36-да толықтай жойылды. Өрт кезінде Өзбекстан Республикасының азаматы, Хорезм қаласының 1989 жылғы тұрғыны II-дәрежелі, 8-20% термиялық күйік жарақатын алып, аудандық орталық аурухананың хирургия бөліміне ем алуға жатқызылды»,-деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жалынды сөндіруге Құрманғазы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінен 12 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылды. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында бір қабатты ғимараттағы супермаркет пен асхана өртеніп кеткенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар