Атырау облысында көлік қаққан 11 жасар жасөспірім көз жұмды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 11 жасар жасөспірімді көлік қағып кетті. Бала оқиға орнында мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл деректі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Оқиға бүгін, 20 қазанда таңертеңгі сағат 07:45 шамасында болған.

«Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында Toyota Prado көлігі жасөспірімді қағып кетті. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Көлікті 1949 жылғы туған ер адам басқарғаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір аталған дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-поцестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаевтің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан балаларға қатысты 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 53 бала жарақат алған. Екі бала мерт болған. Өткен жылмен салыстырғанда жол апаттары салдарынан көз жұмған балалар саны 57,1% төмендеген.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда көлік қаққан 16 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілгенін жазған едік.






Видеодан алынған кадр