Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 30 жастағы ер адам бүгін, 10 мамырда түсқайта табылған.
Бұған дейін жазғанымыздай, ер адам кеше, 9 мамырда сағат 08:00 шамасында мал жаюға шыққан. Содан кейін одан еш дерек болмаған.
Бір күн бұрын 30 жастағы жігіт өріске мал айдап шығып, хабар-ошарсыз кеткен. Ол бүгін, 10 мамырда жергілікті сағат 11:15-ке дейін тұрғылықты жеріне оралмаған.
«Жоғалған ер адамды іздестіру бүгін, 10 мамырда жергілікті уақытпен сағат 11:15-те басталды. Департамент қызметкерлері мен туыстары оны тікұшақпен іздеді. Іздестіру жұмысы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 150 шақырым радиуста жазық далада жүргізілді. Бүгін түсқайта ер адам аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықтағы Биікжал учаскесінен табылды. Ол бұл учаскеге өзі жеткен. Аман-есен табылған жігіттің денсаулығына зақым келмеген. Сол себептен алғашқы медициналық көмекті қажет етпеді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Іздестіру жұмысына облыстық төтенше жағдайлар департаметінен 6 қызметкер, туыстарынан 4 адам, аудандық полиция бөлімінен 1 қызметкер қатысты.
Әуеден барлау жүргізуге «Қазавиақұтқару» АҚ 5 адамдық экипажымен «Ми-8МТВ UPMI844» тікұшағы тартылды.
Сондай-ақ, іздестіру тобына бір иісшіл ит қосылды.
Автор: Бек Мұстафа