Атырау облысында шетелдіктерге қарсы 21 қылмыс жасалған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысына келген шетелдіктер жасаған 5 қылмыс тіркелді. Ал шетелдіктерге қарсы 21 қылмыс анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Полиция қызметкерлері шетелдік азаматтардың еліміздің көші-қон заңдылығын сақтауын ұдай назарда ұстап отыр. Биылғы жыл басынан Атырау облысында уақытша тұру үшін 18 985 шетелдікке рұқсат берілді. Оның ішінде алыс шет мемлекеттерден келген – 2 676, ТМД аумағындағы елдерден 16 309 адам келген. Еліміздің көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін 3 555 мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 80 шетелдік еліміздің аумағынан тысқары шығарылды», - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Өңірде ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабымен (Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту), 394-бабымен (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) 6 дерек тіркелген. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

«Жыл басынан Атырау облысына келген шетелдіктер тарапынан жасалған 5 қылмыс тіркелді. Ал шетелдіктерге қарсы 21 қылмыс жасалғаны анықталды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Бұған дейін Атырау облысында уақытша тұруға рұқсат берілген шетелдіктер қатары көбейгенін жазған болатынбыз. Биылғы 4 айда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2 775 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 70 шетелдік еліміздің аумағынан тысқары шығарылды.