Атырау облысында тәулігіне 30 тонна балық өңдейтін цех іске қосылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында тәулігіне 30 тонна балық өңдейтін цех іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаевтың мәліметіне сүйенсек, жаңа цехты ​ «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі іске қосқан.

«Осы кезге дейін ауланған балықтардың басым бөлігі шет елдерге мұздатылған, салқындатылған, қатырылған, кептірілген күйінде өңделіп, еуростандартқа сай жіберіліп келген еді. ​«Каспий-Балық» өндірістік кооперативі балық өнімін өңдеу, тоған шаруашылығын дамыту үшін Ресей Федерациясынан инвестор тартты. Өндірістік кооператив инвестормен бірлесіп, Бірлік​ ауылынан балық өндеу цехын ашты. Жобаның құны – 200 млн теңге. Цехта​ тәулігіне 30 тонна балық өнделеді. Оған 50 адам тұрақты жұмысқа тартылып отыр» -деді Қайрат Нұртаев.

Оның айтуынша, былтырғы балық аулау маусымында 350 тонна балық Еуростандарт талабына сәйкес өңделген. Ауданда балық шаруашылығымен айналысатын құрылымдар 3 361 тонна балық өнімін Ресей Федерациясына, Грузия мен Украинаға экспортқа шығарған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында балық өсіруге 2 млрд теңге инвестиция салынатынын хабарлаған едік.