Атырау облысында тұрғындардан 105 қару тәркіленді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда үйінде қаруы бар 4 мыңнан астам адам тексеріліп, 105 қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Амангелді Беріктің мәлім етуінше, 6 804 тұрғынның атына қару тіркелген. Атыраулық полицейлер «Учаске» жедел іс-шарасы кезінде 4 455 тұрғынның қаруын тексерген.

«Учаскелік инспекторлар азаматтық қаруды сақтау, алып жүру ережесін бұзған 148 деректі анықтады. Қару сақтау ережесін бұзған 53 азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 484-бабымен, 95-і 486-баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 105, оның ішінде заңсыз сақталған 13 қару тәркіленді», - деп мәлім етті Амангелді Берік.

Оның айтуынша, Индер ауданының орталығында тұратын 62 жастағы тұрғынға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 484-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Ал, қаруды заңсыз сақтаған Елтай ауылының тұрғынына аталған кодекстің 482-бабымен толтырылған әкімшілік хаттама аудандық сотқа жолданған.

Сондай-ақ, Қызылқоға ауданындағы екі шаруа қожалығының 34 және 25 жастағы иелерінен құжаты жоқ, әрі тіркелмеген, 16 мм калибрлі қарулар тәркіленген.

Еске сала кетелік, атыраулықтар полицияға 40-қа жуық қару мен 100-ден астам оқ-дәрі тапсырды.