Атырау облысында заңсыз 34 полигон анықталды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биылғы жыл басынан Атырау облысында рұқсатсыз қоқыс тасталған 34 полигон анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Рамазан Салықтың айтуынша, рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ түсіріліміне мониторинг кезінде анықталған.

«Былтыр «Қазақстан ғарыш сапары» ҰҚ» АҚ-ның дерегіне сәйкес Атырау облысында рұқсатсыз қалдық төгілген 131 орын анықталған еді. Оның ішінде төртеуі Махамбет ауданында, 58-і Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында, екеуі Мақат ауданында, ал 67 алаң Атырау қаласынның аумағында тіркелді. Махамбет ауданында – 3, Атырау қаласында – 3, Жылыой ауданында 1 қоқыс алаңының аумағы рұқсат етілген шекарадан тысқары шыққаны белгілі болды», - деп хабарлады Рамазан Салық.

Оның мәліметіне сүйенсек, биылғы жыл басынан рұқсат етілмеген 34 қоқыс алаңы анықталып отыр: 31-і Атырау қаласында, үшеуі Жылыой ауданының аумағында орналасқан.

«Жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, Атырау қаласының аумағында рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын «Арнайы автобаза» ЖШС тазартты. Жылыой ауданында мұндай жұмысты «Эко Қала» ЖШС атқарды», - деп мәлім етті Рамазан Салық.

Еске салайық, Атырау облысында 55 қоқыс полигонының тек 8-і экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келетінін жазған едік.