Құрманғазы ауданындағы Жапырық және Бұзауслан ауылдарының тұрғындары құбырдан сасық иісі бар көгерген су жүргеніне шағым айтқан. Тұрғындар шағымы әлеуметтік желіге жүктелген.
Осыған байланысты Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев оқиға орнына барған.
«Құрманғазы ауылдық округінде Шарон өзенінен шығатын Бұзауслан өзегінің сағасы тартылып, су деңгейі төмендеген. Су сапасының нашарлауына байланысты биылғы жылдың 5-16 тамыз аралығында су беру тоқтатылды. Алайда, тұрғындарға таза ауыз су автокөлікпен тегін тасымалданды. Осы кезеңде тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамту мәселесі шешіліп, «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырынан Құрманғазы ауылдық округіне тиесілі 2 су тазарту қондырғыларына ауыз су берілді», -деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір Құрманғазы ауданындағы Бұзауслан өзегінде түп тереңдету жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Құрманғазы, Еңбекші, Алға ауылдық округтері «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбырына қосылып, тұрғындарға таза ауыз су берілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау тұрғыны Жайық өзеніндегі судың жасыл түсіне алаңдаушылық білдіргенін хабарлаған едік.
Осы дерекке байланысты облыстық Экология департаментінің баспасөз қызметі Жайық өзенінен су сынамасы алынғанын мәлім етті.
«Әлеуметтік желіге жүктелген видеожазбаларға мониторинг жүргізілді. Департаменттің зертханалық-талдама бақылау бөлімінің мамандары Жайық өзенінің Атырау қаласындағы Көкарна шағынауданы тұсынан су сынамасын алды. Сынаманы талдау қорытындысы кейін хабарланады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.