Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Құлсары қаласының 31
жастағы тұрғыны 576 келі бекіре тұқымдас балығын заңсыз сақтаған.
«Полиция департаментінің Криминалды полиция басқармасына 23 маусымда Жылыой
ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұратын 31 жастағы азаматтың бекіре тұқымдас балықтарын үйіне заңсыз сақтап, сатып жүргені туралы ақпарат түсті.
Полицейлер жедел іс-шара жүргізіп, тұрғынның мекенжайына тінту жүргізілді.
Нәтижесінде күдіктінің үйінің ауласында орналасқан сарайдағы тоңазытқыштан жалпы салмағы 576 келіні құраған 169 дана бекіре тұқымдас балық табылды», - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Қазір аталған дерекке қатысты Жылыой аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Каспий жағалауынан браконьерлердің «қонысы» табылғаны хабарланған болатын.