Атырау облысының тұтынушыларына жылу үшін 7,3 млн теңге қайта есептеледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының тұтынушыларына жылу үшін 7,3 млн теңге қайта есептеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, табиғи монополия субъектелерінің жылу энергиясымен жабдықтау қызметінің құнын сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, қайта есептеу бойынша талдау жүргізді.

«Атырау облысында өткен жылыту кезеңінде сыртқы ауаның нақты жоғары температурасының нәтижесінде тұтынушыларға 2021-2022 жылғы жылу маусымы бойынша «Жылыой Су» МКК, «Иманалин» ЖК, «Қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК және «Атырау жылу электр орталығы» АҚ жалпы сомасы 7 389 087 теңге (ҚҚС-сыз) болатын қайта есептеу жасайтын болады. Оның ішінде «Атырау жылу электр орталығы» АҚ жалпыүйлік жылу есептеу аспабынсыз 2 538 142,24 теңге, ескі, апатты үйлерде – 1 344 311,23 теңге; «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС Нұрсая шағын ауданында 1 490 653,1 теңге, Балықшы кентінде 449 315,1 теңге, Жұлдыз шағын ауданында 106 160,5 теңге; «Атырау облысы Су Арнасы» КМК Атырау қаласындағы 1учаскеде 192 171,6 теңге, Құрманғазы ауданында121 075,8 теңге, Исатай ауданында 893 113,3 теңге; «Жылыой Су» МКК 226 722,6 теңге; «Иманалин» ЖК 27 421,1 теңгені қайта есептейді. Бұл – қосымша құн салығын қоспағанда есептелетін қаржы», -деп хабарлады өңірлік департаменттен.

Табиғи монополиялар туралы заңының 26-бабының 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтің құнын тікелей тұтынушыларға не тұтынушының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметке ақы төлеу кезінде тарифті төмендету жолымен қайта есептеуді жүргізуге міндетті.

Сондай-ақ, барлық тұтынушының жалпыүйлік жылу есептеу аспабын қолдануға көшу кезінде тұтынушылар төлемдерді жылу энергиясының нақты пайдаланған көлемі бойынша жүргізеді.

Мұндай жағдайда тиісінше қайта есептеу қажет етілмейді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда сұйытылған газ сақтау паркіне 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.