Атырау полицейлері 1,2 тонна балықты заңсыз тасымалдаған күдіктілерді ұстады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері 1,2 тонна балықты заңсыз тасымалдаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күдік Шарон өзенінде ұсталған.

«Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері «Бекіре – 2023» балық қорғау акциясы кезінде Құрманғазы ауданындағы Шарон өзенінен екі тұрғынды ұстады. 1987 және 1991 жылғы екі адам мінген қайықты тексеру кезінде жалпы салмағы 1 тонна 203 келіні құрайтын сазан, жайын, көксерке, құтықаракөз балықтары тәркіленді. Ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Атырау қаласының 33 жастағы тұрғынының үйінің ауласындағы сарайна тексеру жүргізілген.

Сарайдағы тоңазытқыштан 12 келі бекіре тұқымдас, 13 келіні қара балығы табылған.

Тәркіленген балықтар «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырылған.

Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен қылмыстық із қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын браконьерлер Жайық жағасындағы қамысқа 36 келіге жуық бекіре жасырғанын хабарлаған болатынбыз.

Жайық өзенінің «Пешной» елді мекені тұсындағы жағалауында қамыс арасынан жалпы салмағы 35,9 келі 15 бекіре тұқымдас балық табылған.

Бағалы балықтың бәрі тәркіленді. Балық ресурстарына келтірілген залал – 18 млн 578 мың теңге.