Браконьерлер Жайық жағасындағы қамысқа 36 келіге жуық бекіре жасырған

None
Ашық көздерден алынған фото
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Браконьерлер Жайық жағасындағы қамыс арасына 36 келіге жуық бекірені жасырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, елімізің батысындағы Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысындағы су айдындарында «Бекіре-2023» республикалық балық қорғау акциясы өтіп жатыр. Бұл акция 31 мамырға дейін жалғасады.

«Балық қорғау акциясының алғашқы екі аптасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері 244 заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде Атырау облысында – 167, Батыс Қазақстан облысында – 61, Маңғыстау облысында 16 дерек тіркелді. Заң бұзған 151 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 3,3 млн теңгенің айыппұлы салынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабымен 6, ал 339-бабына сәйкес 2 қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады Олег Тушканов.

Оның дерегіне сүйенсек, 9 сәуірде Дамбы балық инспекциясы мен Шекара қызметінің қызметкерлері бірлескен рейд өткізген. Рейд кезінде Жайық өзенінің жағасы тексерілген.

«Пешной» елді мекені тұсындағы қамыс арасынан жалпы салмағы 35,9 келі 15 бекіре тұқымдас балық табылды. Бағалы балықтың бәрі тәркіленді. Бұл дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі. Балық ресурстарына келтірілген залал – 18 млн 578 мың теңге», - деп мәлім етті Олег Тушканов.

Ресми өкілдің айтуына қарағанда, 1-13 сәуір аралығында заңсыз айналымнан 922 келі балық алынған. Оның ішінде 85,25 келі бекіре тұқымдас балық бар. Сондай-ақ, 178 балық аулау, 17 жүзу құралы мен 3 автокөлік тәркіленген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Еліміздің батысында «Бекіре» балық қорғау акциясы басталғанын жазған едік.

Кейін браконьерлерге қарсы «Бекіре» акциясына 1 200 қызметкер тартылатынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар