Атырау полицейлері жүргізушілерге алыс жолға шықпауды ескертті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері жүргізушілерге алыс жолға шықпауды ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда 6 қаңтардан бері ауа райы күрт құбылып тұр. Сол күні жаңбыр жауды. Ал, 7 қаңтарда жаяу бұрқасын борады.

«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Салауат Төленовтің дерегіне сүйенсек, ертең, 8 қаңтарда ауа температурасы -23 градусқа дейін төмендейді.

«Атырау облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, шығысында көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстікке ауысып соғады. Түнде облыстың солтсүтігінде жел екпіні секундына 15-20 метр, күндіз 17-22 метрге жетеді», -деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы.

Ауа райының осылай күрт құбылуына облыстық полиция департаментінің жергілік полиция қызметі басқармасы жүргізушілерге ескерту жасады.

«Облыс аумағында 7 қаңтардан бастап ауа температурасының -20 градусқа дейін төмендейтіні күтіліп отыр. Сол себептен, жүргізушілерден қозғалыс кезінде қауіпсіздік талабын сақтауды сұраймыз. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тежеу жолының ұзаратындығын қаперде ұстау керек. Мүмкіндігінше алыс сапарға шығудан бас тартқан жөн. Елдімекендер арасында жаяу жүрмеу қажет. Тасжолдарда қозғалыс шектелуі мүмкін. Төтенше жағдайлар департаментінен sms-хабарлама арқылы жолданатын ақпаратқа назар аударыңыз», -деп ақпарат таратты полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мұз ойылып, Жайыққа түсіп кеткен екі адамның біреуі құтқарылғанын жазған болатынбыз.

Кейін Жайық өзеніне батып кеткен ер адам әлі табылмағанын хабарлаған едік.