Атырау прокуратурасы жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерді бақылауға алды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау прокуратурасы жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерді бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласы прокурорының орынбасары Мирас Жалмурзиннің айтуынша, қалалық білім бөліміне қарасты №13 Д.Байбосынов, №19 Қ.Сәтпаев, №22 Ә.Молдағұлова, №27 И.Тайманов атындағы және 31-мектеп-гимназиясында, №1 «Сәби әлемі» бөбекжай-балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Алайда, №19 Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп пен №1 «Сәби әлемі» балабақшасындағы жөндеу баяу жүргізілуде. Келісімшартқа сәйкес жөндеудің аяқталуына 2 айға жуық уақыт қалды. Әлі де атқарылатын жұмыс көлемінің ауқымдылығына байланысты жұмысшылар санын көбейту қажет болады. Қалалық білім бөлімі екі мердігер компанияның басшылығымен бірлескен жиын өткізуі қажет. Өйткені, қазір күрделі жөндеу жұмыстары тек орындаушылар деңгейінде ғана жүріп отыр. Мердігер компаниялардың басшылары жөндеу жүріп жатқан білім нысандарына келіп, бақылау жүргізуге тиіс. Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары прокуратураның қатаң бақылауыда болады», - деп хабарлады Мирас Жалмурзин.

Оның пікірінше, жұмыстың сапалы әрі мерзімінен кешіктірілмей жүргізілуі керек. Сараптамадан өткен жобалық сметалық құжатта көрсетілген жұмыстардың мүлтіксіз орындалғаны жөн. Ал, қандай да бір өзгерістерді енгізу үшін заңды негіздемесі болуы қажет.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бірнеше мектептің оқушылары жөндеу жұмысына байланысты өзге білім ордасында оқитынын хабарлаған болатынбыз.

Кейін Атырауда 11 мектеп үш ауысымда оқытуды жалғастыратынын жазған едік.