Атырау студенттері үшін 650 орындық жатақхана қажеттігі туындап отыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау студенттері үшін 650 орындық жатақхана қажеттігі туындап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Атыраудағы 28 оқу орнында 28 307 студент біллім алады. Студенттерге арналған 21 жатақхана бар.

«Атырауда 2020-2022 жылдар аралығында 810 орынға арналған 7 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Қазір университеттер мен колледждерді қоса алғанда студенттерг үшін 650 орындық жатақханаға қажеттілік туындап отыр. Осыған орай, О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжіне 150 орындық жатақхана салу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің апатты жағдайдағы №2 жатақханасын бұзып, жаңасын салу мәселесі қозғалып отыр», -деп хабарлады Жасұлан Бисмембиев.

Оның дерегіне қарағанда, 5 қабатты бұл жатақхана 1972 жылы салынған. Биылғы қаңтарда жатақхана ғимаратының апаттық жағдайда екені анықталды.

«Соған байланысты 560 студент басқа оқу орындарының жатақханасына көшірілді. Енді аталған университет басшылығы тарапынан жаңадан 500 орындық жатақхана салу бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жатақхананың қабырғалары жарылып, студенттер шұғыл эвакуацияланғанын жазған едік.

Университет басшылығының мәліметінше, шаруашылық бөлімі 2022 жылдың қараша айында №2 жатақханадағы бірінші қабаттың қабырғасында ақау пайда болғанын анықтаған.

«Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жатақхананың техникалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге конкурс жарияланды. Желтоқсан айында конкурста жеңімпаз атанған «Қазкәсіптік білім» ЖШС аталған ақауды жөндеуге болатыны туралы қорытынды берді. Университет тарапынан сараптамаға сәйкес 2023 жылдың даму жоспарына аталған жөндеу жұмыстарын жүргізу енгізілді», -деп хабарлады университеттің басшылығы.