Атырауда 35 бала мен 21 жүкті әйел коронавируспен ауырып жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 35 бала мен 21 жүкті әйел ауырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, қауіпті вирустан емделіп жатқан науқастардың саны – 310 адам.

«Қазір үй жағдайында ем-дом қабылдау үшін 154 адам, 730 орындық төсек-орны бар инфекциялық стационарларда 156 (жүктеме – 21,4%) науқас оқшауланды. Модульдік ауруханада – 97, Теңіз кенішіндегі стационарда – 39, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 16, ал, №2 облыстық ауруханада 4 пациент ем қабылдауда. Сондай-ақ, 35 бала мен 21 жүкті әйелден коронавирус инфекциясы табылып отыр. Оның ішінде 3 бала мен 9 жүкті әйел инфекциялық стационарларда жатыр. Амбулаториялық емделуге 32 бала мен 3 жүкті әйел жіберілді», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Инфекциялық стационарлардың 75 орынға есептелген жансақтау бөлімінде жатқан жағдайы нашар 14 науқастың 2-уі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Бұл бөлімдегі жүктеме - 18,7%.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында короновирустан бір тәулікте 1 адам көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.