Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері жүргізуші куәлігінен айырылған 174 адамның көлік басқарғаны анықталған.
«Атырау қаласында соңғы бір аптада көлік жүргізу құқығынан айырылса да рульге отырған 9 адам ұсталды. Патрульдік полиция қызметкерлері сондай жүргізушінің бірін 22 қарашада сағат 03:20 шамасында «Атырау-Доссор» тас жолы бойындағы «Шығыс» базары тұсында тоқтатты. «ВАЗ–21705» маркалы автокөлігін басқарған 22 жастағы жігіттің бұдан бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Жас жігіт соған қарамастан көлікті басқарған» -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Жүргізуші куәлігінсіз рульге отырған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 3-бөлімімен (Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған іс құжаттары Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 3 жігіт жанармай бекетінде тұрған көлікті айдап әкеткенін хабарлаған болатынбыз.