Атырауда 3 жігіт жанармай бекетінде тұрған көлікті айдап әкеткен
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше, 21 қарашада болған.
«Атырау қаласындағы Құрманғазы көшесінде орналасқан жанармай бекетінде тұрған «ВАЗ-21015» автокөлігі ұрланған. Бұл туралы полицияға 21 қараша күні сағат 8:00 шамасында 1978 жылғы азаматтан хабар түсті. Осыған орай жедел әрекет еткен бейнебақылау инспекторы «Сергек» камераларының көмегімен ұрланған көліктің жүру бағыты мен тұрған жерін анықтады. «Батыс-32» экипажы 1990, 1992 және 1992 жылы туған күдікті үш жігітті ұстап, Атырау қалалық полиция басқармасына жеткізді» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда түнімен көше кезген 23 жасөспірім анықталғанын хабарлаған едік.