Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қарашада басталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы 17 қарашаға дейін жалғасады.
«Патрульдік полиция баталонының қызметкерлері іс-шараның алғашқы күні көлікке мас күйде отырған бес жүргізушіні анықтады. Мас жүргізушінің бірі 8 қараша күні сағат 08:19 шамасында Атырау қаласындағы Кейкі батыр көшесінің бойында ұсталды. Медициналық сараптамамен Nissan Teana автокөлігін басқарған 25 жастағы жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас күйде екені дәлелденді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, көлігі арнаулы тұраққа қойылды. Сот шешімімен 25 жастағы жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
«Ал бүгін сағат 7:30 шамасында патрульдік полиция Абай-Махамбет көшелерінің қиылысында Hyundai Tucson автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде 1981 жылғы жүргізушіден ішімдіктің иісі шығып тұрған. Медициналық сараптама қорытындысымен 40 жастағы азаматтың жеңіл дәрежеде мас күйде екені белгілі болды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды. Ал, Hyundai Tucson көлігі айып тұрағына қойылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бір күнде жол ережесі 561 рет бұзылғанын жазған болатынбыз.