Атырауда былтыр 134 мыңнан астам қылмыс тіркелді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - 2017 жылы мұнайлы аймақта 134 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған, оның 96 мыңға жуығы жол қозғалысы ережелерін сақтамауға қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Атырау облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Әлібек Қайыров өңірлік коммунациялар қызметінде өткен брифингте мұнайлы аймақта қылмыс санының азайғанын мәлімдеді. Облыс орталығының өзінде жол көлік оқиғалары 18,8, көше қылмыстары 19,9 пайызға төмендеген.

«Бірақ бұл тәртіпті босаңдатуға жол бермейді. Қазір 514 жеке құрам жол патрульдік полиция қызметкері жұмыс істейді, олар 138 автокөлікпен қамтылған. Жақында тағы да 45 көлік беріледі», - деді Ә.Қайыров.

Өткен жылы 338 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған, оның 54,6 пайызы өндірілген. Ал 2 700 атыраулық тиісті тәртіпті сақтамағандықтан жүргізуші куәліктерінен айырылған.