Атырауда екі қабатты мансардты үй өртеніп кетті

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында екі қабатты мансардты үй өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, диспетчерлік пультке бүгін, 20 қыркүйекте сағат 13:34-те Атырау қаласының Жұмыскер шағынауданындағы 380-д мекен-жайында орналасқан тұрғын үйден түтін шығып жатқаны туралы хабар түскен.

«Департаменттің өрт сөндірушілері сағат 13:43-те шақырту орнына жетіп, мансардты тұрғын үй жанып жатқанын анықтады. Өртті сөндіруге арнайы қызметтің 15 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылды. Жалын сағат 13:59-да оқшауланып, сағат 14:17-де толық сөндірілді. Өртенген аумақ 180 шаршы метрді құрады» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Өрттен зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазір жалынның неден тұтанғаны анықталып жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тұрғын үйдің шатыры өртенгенін жазған едік.