Атырауда электр қуатының қайта-қайта өшуіне не себеп болды
Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, апатқа қарсы автоматика электр энергиясын өшіру жолымен іске қосылады.
«Батыс аймақтық электр станцияларындағы генерацияланатын қуаттың жетіспеушілігіне және 220 кВ Орал-Атырау транзит желісіндегі қуаттың көбеюіне байланысты транзит желілеріндегі шекті режим кезінде жүктемені өшіру арнайы автоматикасы іске қосылады. Аталған автоматика бір немесе бірнеше қамту желілерін өшіру секілді апаттық келеңсіздіктер кезінде жүктеме түйінінің тұрақтылығын сақтау үшін жұмыс істейді. Қазір электр энергиясы тағы да өшіп қалмас үшін тиісті шаралар қолға алынып жатыр», -деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалғанын жазған болатынбыз.
Кейін электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқан.
Атыраулықтар неліктен жарықсыз қалғанының себебі айтылды.
«Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының №1 энергия блогының апаттық жағдайда ажыратылуына байланысты жиіліктің төмендеуі байқалды. Осыған байланысты Атырау облысының электр станциялары оқшауланған жұмыс режиміне көшті. Бұл режим «Теңізшевройл», NCOC компаниялары мен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да іске қосылды. Ал, Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы Дамбы ауылынан орталықтағы шағынаудандар мен Талғайраң елдімекеніне дейінгі аралығы электр жарығымен толық қамтылды. «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-дан шығатын 35 кВ желісі қосылды. Енді Атырау қаласының қосалқы станциясынан шығатын фидерлер қосылады», - деп мәлім етті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметінен.