Атырауда емхана жанында 2 көлік түгі қалмай жанып кетті
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт туралы хабар бүгін, 24 мамырда сағат 11:06-да түскен.
«Атырау қаласының М.Баймұханов көшесінде орналасқан №3 қалалық емхана маңында екі автокөлік өртенді. «Тoyota Hiace» және «Honda Elysion» автокөліктері сақтандыру компаниясына тиесілі екені анықталды. Өрт салдарынан автокөліктер толықтай жанып кетті», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Жалын сағат 11:27-де оқшауландырылып, сағат 11:31-де толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.
«Биылғы жыл басынан 113 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 30 оқиға автокөлікке қатысты. Көліктің кез келген түріндегі өрт күтпеген жерден пайда болуы, қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Сол себептен жүргізушілер көлікте өрт сөндіргіш құралы болуын ескеруі керек. Жүргізушілерге өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеміз», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрынАтырауда 15 қабатты үйдің дәлізінен өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланғанын хабарлаған болатынбыз. Өрт Әйтеке би көшесінде орналасқан 15 қабатты үйдің дәлізіндегі қосалқы бөлмеден шыққан. Тәртіп сақшылары төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге тұрғындарды өрт қаупінен құтқаруға кірісті. Қызметкерлердің бірлескен жедел әрекетінің нәтижесінде жалын шарпыған үйден екі зейнеткер, 10 жасөспірім (оның ішінде төрт нәресте бар) мен 13 тұрғын қауіпсіз жерге шығарған.