Атырауда 15 қабатты үйдің дәлізінен өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды

None
Фото: polisia.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда дәлізінде өрт шыққан көпқабатты үйден 25 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт бүгін, 19 мамырда сағат 11:40 шамасында болған.

«Атырау қаласының Әйтеке би көшесінде орналасқан 15 қабатты үйдің дәлізіндегі қосалқы бөлмеден өрт шыққан. Өртенген тұрғын үйге Атырау қалалық полиция басқармасының аға учаскелік полиция инспекторлары Самалбек Бегалиев пен Асыланбек Жолай жедел жетіп, жалынның үшінші қабаттан шығып жатқанын байқаған. Тәртіп сақшылары төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге тұрғындарды өрт қаупінен құтқаруға кірісті. Қызметкерлердің бірлескен жедел әрекетінің нәтижесінде жалын шарпыған үйден екі зейнеткер, 10 жасөспірім (оның ішінде төрт нәресте бар) мен 13 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Адамдарды құтқаруға атсалысқан учаскелік полиция инспекторларының айтуынша, өрттен зардап шеккендер жоқ.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырауда шатыры өртенген үйден 25 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланғанын хабарлаған едік. Өртенген үйге шақырту бойынша полиция майоры Қуаныш Бозақаев пен полиция капитаны Ерлан Мырзагереев 4 минутта жеткен. Кейін 9-қабатқа пәтер иесімен бірге жедел көтеріліп, тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен. Шатырда тұтанған өрт жоғары қабаттағы пәтерлердің балконын да шарпыған. Қос полицей пәтерлерден 25 тұрғынды қауіпсіз жерге эвакуациялаған.


Соңғы жаңалықтар