Атырауда шатыры өртенген үйден 25 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда шатыры өртенген үйден 25 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 5 мамыр сағат 19:32-де 101 арнасына тұрғын үйдің өртенгені туралы хабар түскен.

«Аталған шақырту бойынша полиция майоры Қуаныш Бозақаев пен полиция капитаны Ерлан Мырзагереев өртенген тұрғын үйге 4 минутта жеткен. Кейін 9-қабатқа пәтер иесімен бірге жедел көтеріліп, тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен. Алайда, будақтаған қара түтін кедергі келтірген. Өйткені, шатырда тұтанған өрт жоғары қабаттағы пәтерлердің балконын да шарпыған. Қос полицей қауіптің алдын алу пәтер балконындағы өртті өшірген. Сөйтіп пәтерлерден 25 тұрғынды қауіпсіз жерге эвакуациялады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 10 қабатты тұрғын үйдің шатыры жанып жатқанын хабарлаған едік.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт бүгін жергілікті уақытпен сағат 19:22-де тұтанған.

Өрт 10 қабатты тұрғын үйдің шатырын шарпыған. Белгілі болғандай, бұл – соңғы жылдары пайдалануға берілген «Лагуна» тұрғын кешені.

Жаңа тұрғын үй кешені Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлы көшесінде №123 мекенжайында орналасқан.

Кейін Атырауда 10 қабатты үйдегі өрт бір сағатта сөндірілген.

Жалынды сөндіруге Атырау облыстық ТЖД және МЕӨҚҚ күш-құралдарынан 50 адам мен 11 техника жұмылдырылды. Өрттің тұтану себебі анықталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар