Атырауда «ҚазТрансОйл» АҚ филиалына мұнай төгілуіне жол бергені үшін 1,6 млн. теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «ҚазТрансОйл» АҚ-ның батыс филиалына экологиялық талаптарды бұзып, жерді ластағаны үшін 1,6 млн. астам теңгеге айыппұл салынды.

«Қаңтар айында полиция қызметкерлері Мартыши-Атырау құбырында мұнайдың төгілгенін әшкереледі. Мұқият қарау кезінде бұл жерде мұнай ұрланған заңсыз тесік болғаны анықталды. Мұнай ол арқылы ағызылып, салдарынан жерде ұзындығы шамамен 30 метр, ені 15 метр дақ пайда болды.

Қылмыстық іс қозғалды. Табиғатты қорғау прокуратурасының ұсынымымен Атырау облысының экология департаменті келтірген шығынды өтеу туралы қаулы шығарды. Мұнай компаниясына экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін 1 млн. 189 мың 200 теңге және жерді ластағаны үшін 396 мың 400 теңге көлемінде айыппұл салынды. Құбырға бақылау жасауы тиіс болған қызметтік тұлғаларға да айыппұл салынды», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Атырау облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Қайрат Өтеулиев.

«Мұнайды ұрлауға қатысты тұлғалар әзірге анықталған жоқ. Бірақ тергеу тобы оларды анықтауға бағытталған жедел шараларды жалғастыруда», - деп ақпараттандырды облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәзира Мұхтарова.