Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 сәуірде Атырау қаласындағы көп қабатты тұрғын үйдің пәтерінде өрт тұтанған.
«Бұл туралы департаменттің диспетчерлік пультіне кеше сағат 18:48-де хабар түсті. Өрт «Авангард-3» шағын ауданындағы 5 қабатты үйде болған. Жалын 15 шаршы метр аумақты шарпығаны анықталды. Өрттің салдарынан үй иесі – 73 жастағы қария мен оның 1949 жылғы әйелі облыстық ауруханаға жеткізілді. Ер адам дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді. Ал, оның әйелі 2-дәрежелі күйікпен ауруханаға жатқызылды. Өртенген пәтерден үй иесінің ІІ топтағы мүгедек ұлының мәйіті табылды. Оның жасы – 46-да», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өрт сағат 19:25-те оқшауланып, сағат 19:27-де сөндірілді. Жалынның тұтануының алдын ала себебі – отты абайсыз қолдану. Тілсіз жауды ауыздықтауға департаменттің 12 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бір мезетте тұрақта тұрған екі жүк көлігі өртеніп кеткенін хабарлаған едік.