Атырауда толассыз жаңбыр салдарынан су басқан үйлерден 530-дан астам адам қауіпсіз жерге шығарылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атыраудағы толассыз жаңбыр салдарынан су басқан аумақтағы үйлерден 530-дан астам адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖ Комитетінің баспасөз қызметінен.

«11-12 мамырда Атырауда жауған толассыз жаңбыр салдарынан Байтұрсынов, Әлиев, Шалқар, Чехов көшелерінің бойындағы 42 жеке үй мен 252 аула су астында қалды. 532 адам қауіпсіз жерге шығарылып, уақытша туыстарына көшірілді», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта 58 ауладан 4800 текше метр жаңбыр суы сорылды. Атырау облыстық ТЖД және қалалық әкімдік басшылығының құрамынан жедел штаб құрылды. Төтенше жағдайды жою үшін 136 адам және 38 техника жұмылдырылды.