Атырауда триатлоннан ел чемпионатының жеңімпаздары анықталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында триатлоннан Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпионатта еліміздің әр түкпірінен 100-ден астам спортшы бақ сынады. Оның ішінде 40 атыраулық бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, мақсат – тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту. Еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам спортшы келді. Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, U23 және U17 санаты бойынша ұйымдастырылған чемпионатта 40 атыраулық облыс намысын қорғады.

«Мұндай ауқымды сайыс облыста алғаш рет өткізіліп отыр. Атырау қаласын Еуропа мен Азия құрлығына бөліп жатқан Жайық өзенінің бойында өткен чемпионат облыста триатлон спортының қарқынды дамуына оң әсер етері сөзсіз. Жеңімпаз атанған спортшылардың жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектеспін», - деді Жасұлан Бисембиев.

Триатлон чемпионаты үш кезеңмен өтті. Спортшылар алдымен суда 300 метр қашықтыққа жүзді. Кейін велосипедпен 16 шақырымды жүріп өтті. Жарыстың үшінші кезеңінде 2 шақырымға жүгірді.

Сонымен, жарыс қорытындысында U23 санатында қыздар арасынан қостанайлық Юля Озерова жеңімпаз атанды. Нұр-Сұлтаннан қатысқан Надежда Бекмағамбетова мен Түркістан облысының өкілі Аружан Аманжанова екінші және үшінші орындарды бөлісті.

Бұл санатта ерлерден Қостнай облысының спортшысы Данил Зубцовтың бағы жанып, 1-орынды иеленді. Бұдан кейін орындар шымкеттік Әлихан Әбусиев пен Түркістан облысының намысын қорғаған Медет Нұрғалиевтың еншісіне тиді.

Дүбірлі доданың U17 санатындағы жүлдесінің бәрін Ақмола облысының спортшылары жеңіп алды. Қыздар арасында ақмолалық үш ару – Әнел Исабаева, Ангелина Ренченко мен Юлиана Петрова, ерлер арасында ақмолалық үш жігіт – Арлан Жаңабай, Никита Дубинский және Әбілхайыр Кенжанов қарсыластарынан оқ бойы озық болды.

Триатлон спортынан мемлекеттік жаттықтырушы Максим Кряттың айтуынша, бұл додада жеңімпаз атанған триатлоншылар енді Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Atyrau Chess Festival» халықаралық шахмат фестивалінің жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.