«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қорындағы облыс орталығындағы сауда орталықтары арқылы сатылымға шығарылған.
«Жергілікті «Агрофеликс» шаруа қожалығымен арада жасалған келісім-шартқа сәйкес, тұрақтандыру қорының қоймасында 361 тонна картоп, 79 тонна пияз, 49 тонна сәбіз, 114 тонна орамжапырақ алынды. Бұл өнімдер «Насиха», «Көктем», «Сарайшық» базарлары арқылы тұтынушыларға ұсынылып отыр» - дейді «Атырау» ӘКК» АҚ мемлекеттік жобаларды іске асыру департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлмира Меңдалиева.
Оның айтуынша, биылғы мамырда «Идеал Маркет» ЖШС-мен 400 миллион теңгеге келісім-шарт жасалған. Келісімге сәйкес, аталған серіктестіктің 36 супермаркет желісі арқылы 15 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатылады. Мұндай азық-түліктің құрамына бірінші сұрыпты бидай ұны, нан, макарон өнімдері, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы, майлылығы 5-9 пайыздық ірімшік пен көкөністің бірнеше түрі енгізілген.
Қазір сауда орталықтарында картоптың келісі 94 теңгеден, пияз – 81, сәбіз – 91, орамжапырақ 92 теңгеден сатылып жатыр. Облысы әкімдігі бекіткен тауарлар нарықтан құнынан 10-15 пайызға арзан бағамен ұсынылады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда әлеуметтік маңызды тауарлар нарықтағы бағадан арзанға сатылып жатқанын хабарлаған едік.