Атырауда үш көлік соқтығысты, зардап шеккендер бар
23:05, 28 Қыркүйек 2021
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда үш көлік соқтығысты, зардап шеккендер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол-көлік апаты бүгін кешке Атырау қаласында, Азаттық көшесінде болды. Сельстрой шағынауданына бет алған Toyota жол қиылысында үлкен жылдамдықпен қызыл бағдаршамға өтіп кетті. Қарсы бетке шығып, тоқтап тұрған Priora-ға соғылды. Priora-ны жолда айналдырып жіберіп, Toyota өзі бордюрдан асып түсті.
Оқиға салдарынан тағы бір машина зардап шекті.
Toyota көлігінің жүргізушісі ес-түссіз күйде жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.
Жарақат алған өзге адамдарға медициналық көмек оқиға орнында көрсетілуде.
Облыстық Полиция департаменті кейінірек ресми ақпарат беруге уәде етті.