ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері пәтерлерге түсіп, әбден дәніккен 41 жасар ұрыны қолға түсірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, күдіктіге қатысты ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігіне (ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, бес бірдей дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұры пәтерлерге кілтті сәйкестендіріп кіріп, зергерлік бұйымдар мен ақшаны үптеп кетіп отырған. Мысалы, қазан айында ол Ларин көшесіндегі бір пәтерге кіріп, одан бижутериялық бұйымдар мен 55 мың теңгені ұрлаған. Қазанда Зачаган кентіндегі тағы бір пәтерден алтын, күміс бұйымдарын және 30 мың теңгені жымқырып кеткен.
Күдікті Атырау облысының тумасы болып шықты. Оның осындай басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).