Атыраулық құтқарушылар батпаққа батқан көліктен 4 адамды эвакуациялады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық құтқарушылар батпаққа батқан көліктен 4 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, оқиға бүгін, 4 қаңтарда болған.

«Департаменттің диспетчерлік пультіне жергілікті уақытпен түнгі сағат 02:05-те «УАЗ» көлігінің батпаққа батып қалғаны туралы ақпарат түсті. Атырау қаласының маңындағы Тасқала ауылынан шамамен 40 шақырым қашықтықта қалып қойған көлікте 4 адам болған. Шақырту орнына жедел жеткен құтқарушылар «УАЗ» автокөлігінің өздігінен батпақтан шыға алмайтынын анықтады. Құтқарушылар 4 адамды жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» көлігімен Атырау қаласына жеткізді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде ешкім зардап шекпеген. Ал, батпаққа батқан көліктен эвакуацияланған 4 адам медициналық көмекті қажет етпеген. Құтқару жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен жол талғамайтын 1 «ТРЭКОЛ» техникасы тартылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында із-түзсіз жоғалған ер адам 1 қаңтардан бері табылмай жатқанын жазған едік.

Құрманғазы ауданындағы Көптоғай селолық округінің тұрғыны үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Содан бері 1972 жылғы ер адамнан еш хабар жоқ. Оның қайда кеткенін де, қайда баруы мүмкін екенін де ешкім білмейді.

Ресей Федерациясымен шекарадағы ауылдан із-түзсіз жоғалып кеткен тұрғынды іздестіруге 9 адам мен 2 техника тартылған. Оның ішінде төтенше жағдайлар бөлімінен 7, аудандық полиция бөлімінің 2 қызметкері бар. Сондай-ақ, іздестіру жұмыстарына жергілікті атқарушы орган мен ауыл тұрғындары да көмек көрсетіп жатыр.


Фото: Атырау облыстық ТЖД