Атыраулық тұрғын бірнеше атыс қаруын гаражда заңсыз сақтаған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық тұрғынның бірнеше атыс қаруын гаражда заңсыз сақтағаны анықталды. Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 24 жастағы Атырау тұрғыны 6 қарашада ұсталған.

«Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері бірлескен іс-шара өткізіп, бірнеше атыс қаруын заңсыз сақтаған Атырау қаласының тұрғынын анықтады. Ер адамның гаражын тінту кезінде 2 дана қосауызды, 1 дана бірауызды аңшы мылтығының бөліктері, 2 дана атыс қаруы, резеңке таяқша, тапаншаның бөлшектері мен электрлі шокер табылып, тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта қару-жарақ құралдарын заңсыз сақтаған 1998 жылғы күдікті ұсталды. Тәркіленген атыс қаруларына баллистикалық зерттеу жүргізу үшін сараптама тағайындалды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері үдіктіге қатысты дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда браконьерлерден бекіре мен есірткі тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.