Қолайсыз ауа райына байланысты Ақмола облысында жолдағы жылдамдыққа шектеу енгізілді

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — «Астана – Көкшетау – Петропавл» автожолының белгілі бір бөлігінде сағат 16:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты жылдамдық шектеуі 110-нан 80 км/сағ дейін төмендетілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті. 

— Сағат 16:00-ден бастап Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналма жол) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 19–231 шақырым аралығында көліктің барлық түрлері үшін жылдамдық шектеуі 110 км/сағ-тан 80 км/сағ-қа дейін төмендетіледі, - делінген хабарламада.

Жылдамдық режимін 2025 жылғы 3 қараша күні сағат 21:00-де қайта қалпына келтіру жоспарланған. Бұл ауа райының тұрақтануына және қозғалыс қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне байланысты жүзеге асырылады.

Айта кетейік, алдағы күндері елдің басым бөлігінде жауын-шашын (негізінен қар) мен желдің күшеюі болжанады. Республика бойынша тұман, көктайғақ, ал солтүстік өңірлерде жаяу бұрқасын күтіледі.