Сондай-ақ жазғы дөңгелектерді қысқы дөңгелектерге уақытылы ауыстыру қажеттігін ескертті.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 6 қарашадан 7 қарашаға қараған түні Ақмола облысында ауа райы нашарлайды деп болжанып отыр. Атап айтқанда, ауа температурасы төмендеп, жаңбыр соңы қарға ұласады. Жол бойында су жиналып, көктайғақ болуы мүмкін.
Бұл туралы өңір жүргізушілеріне үндеу жасаған Ақмола облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаев мәлімдеді.
Осыған байланысты ақмолалық полицейлер көлік иелерін қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды. Ауа райының құбылуы, жауын-шашын мен көктайғақтың пайда болуы жолдағы жағдайды едәуір қиындатуы мүмкін. Мұндай кезде жүргізушілерден тіпті үйреншікті бағыттарда да барынша мұқият әрі сақ болу талап етіледі.
— Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жылдамдықты төмендетуге, көліктер арасындағы қашықтықты арттыруға, күрт маневр мен тежелуден аулақ болуға шақырамыз. Жазғы дөңгелектерді қысқы дөңгелектерге уақытылы ауыстыруға ерекше назар аудару қажет. Төмен температурада жазғы шиналар жолмен сенімді ілінісуді қамтамасыз ете алмайды. Бұл жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады, — деді Ержан Қошқарбаев.
Полицейлер жаяу жүргіншілер өткелдеріне, жол қиылыстарына, қоғамдық көлік аялдамаларына жақындағанда, сондай-ақ көпірлерде, бұрылыстарда, өрлер мен еңістерде ерекше сақ болу қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар полиция жүргізушілерді өздерінің көлік жүргізу дағдыларын асыра бағаламауға, уақыт үнемдеу үшін тәуекелге бармауға шақырды. Мүмкіндік болса, аса қажеттілік болмаса, жолға шықпаған жөн.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да қараша айында ауа райы жауынды бірақ жылы болатыны хабарланды.