Ауа сапасы нашарлаған қалалар саны артты

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК Қазақстан қалаларындағы ауа сапасына қатысты болжамын жария етті.

Фото: Pixabay.com

— 2024 жылғы 2 желтоқсанда Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қостанай қалаларында ауаның ластануының қолайсыз метеорологиялық жағдайлары күтіледі, — делінген хабарламада.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.

Осыған дейін 6 қалада ауа сапасы нашарлағаны анықталды. Бір қызығы неше күн бойы түтін басқан Өскемен қаласы осы жолы ауа сапасы нашар қалалар қатарынан көрінбейді.