Ауа сапасы: Өскеменде экологтер кәсіпорындарды кез келген уақытта тексере алады

Фото: қала тұрғындарынан

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі ауа сапасының жағдайы жөнінде пікір білдірді.

Әкімнің айтуынша, қаланың географиялық жағынан таулы ойпатта орналасуы мен екі өзеннен тұманның пайда болуы да қолайсыз ауа райы қалыптасуына әсер етеді.

Экологиялық тәуекелді төмендету үшін 25 бақылау бекеті желісі құрылады. Алдағы уақытта бұл платформа кәсіпорындарда орнатылған тіркеу аспаптарын біріктіру арқылы кеңейтілмек.

— Ірі кәсіпорындармен қолайсыз ауа райы жағдайында өзара бірлесіп әрекет ету туралы меморандумдарға қол қойылды. Оған сәйкес Экология департаментінің мамандары кез келген уақытта кәсіпорын аумағына кіріп, өлшеулер жүргізе алады. Қажет болған жағдайда өнеркәсіптік кәсіпорындар өндірісті төмендетеді, — деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

«Өскемен тынысы» қоршаған ортаны қорғау бюросы жұмыс істейді. Оның құрамына тәжірибелі экологтер, қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.

Бұдан басқа, ластанудың шамамен 10%-ын құрайтын жеке секторды орталық жылумен қамтамасыз ету жоспарда бар.

Шығарындылардың ең көп көлемі көліктерге тиесілі болғандықтан (58-59%), электромобильдер мен экологиялық көлікті дамыту жұмыстары да жүріп жатыр.

Бұған дейін Нұрымбет Сақтағанов Зайсан мен Қатонқарағайдағы жаңа әуежайлар қашан ашылатынын айтқан еді.