Audi компаниясының Бельгиядағы зауыты жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Компаниядағы шығындардың жоғарылауына байланысты өндіріс Қытай мен Мексикаға көшіріледі. Қазіргі уақытта өнеркәсіп алаңын өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлады Euronews.
77 жылдық тарих аяқталды. Бельгия астанасындағы Audi зауыты жабылып, 3 000 жұмысшы соңғы ауысымда есеп берді.
2024 жылдың ортасына таман өндіріс шығынға ұшырап, жұмысшылар саны қысқартылды. Қазан айының соңында бірде-бір инвестор немесе сатып алушы табылмаған соң зауытты 2025 жылдың ақпан айынан бастап біржола жабу туралы шешім қабылданды.
— Бұл жерде 15 жыл жұмыс істедім. Зауыт өмірімнің маңызды бір бөлігіне айналып еді. Жайсыз хабарды естіп, бірдеңемді жоғалтқандай күй кешіп отырмын, - дейді жұмысшылардың бірі.
Зауыт 2006 жылы жабылу алдында тұрды, бірақ ол Audi кіретін Volkswagen концернін қайта құрудың арқасында жабылудан аман қалған. Бірақ жиырма жылға жуық уақыттан кейін неміс автомобиль өндірушісі өндірістің Қытай мен Мексикаға көшетінін жариялады. Өйткені пайда маржасы «жеткіліксіз» және бельгиялық жұмыс күшінің құны тым жоғары.
Бұған дейін Бельгиядағы жалпыұлттық ереуіл кезінде 30 мыңға жуық адам көшеге шыққанын хабарлаған едік.