Бельгиядағы жалпыұлттық ереуіл: 30 мыңға жуық адам көшеге шықты
БРЮССЕЛЬ. KAZINFORM – Дүйсенбі күні Бельгияда түрлі сала өкілі қатысқан жалпыұлттық ереуіл өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Брюссель мен Валлонияда пойыз қатынасы, пошта байланысы және орта білім беру мекемелерінің жұмысы тоқтатылды. Ереуіл сондай-ақ әуе компаниялардың кестелеріне, коммуналдық қызметкерлерге және жергілікті түрмелерге әсер етті.
ABVV-FGTB социалистік кәсіподақтар федерациясының президенті Тьерри Бодсонның бельгиялық БАҚ-қа хабарлауынша, дүйсенбі күні таңертең Брюссель көшелеріне 30 мыңнан астам демонстрант шықты. Шерудің бастапқы нүктесі Орталық теміржол вокзалы болды. Колоннаны Льеж, Брюссель қалалары мен Фландрияның бір бөлігінен келген 100-ге жуық өрт сөндіруші басқарды, одан кейін француз және нидерланд тілдерін білетін кәсіподақ өкілдері жүрді. Фламанд мұғалімдері шеруге қатысушылардың ең көп бөлігін құрады.

Үш фламандтық білім беру ұйымы ереуілдің бастауыш білімге ең көп әсер еткенін растады. Көптеген бастауыш мектеп оқуды тоқтатты немесе қашықтан оқытуды енгізді. Кейбір білім мекемелерінде қызметкерлердің қатысуы төмен болғаны соншалық, олар балаларға күтім ұйымдастыра алмағандықтан, мектептер жабық күйінде қалды.
Шараны ұйымдастырушылардың атап өтуінше, Бельгияның экономикасы, әсіресе оның өнеркәсібі сұраныстың төмендеуіне, жұмыс күші мен энергия құнының өсуіне және әкімшілік жүктемелерге байланысты қиын жағдайда қалып отыр.

Кәсіподақтар Бельгия үкіметінің «жұмыс істейтін ерлер мен әйелдердің құқықтарын бұрын-соңды болмаған бұзу» деп санайтын реформаларына қарсылық білдіріп отырғанын мәлімдеді.
Олар реформаларға жалақыны тоқтату, индекстеу реформасы, жұмыс уақытының артуы, қауіпті еңбек келісімшарттары, қатаң үнемдеу, мемлекеттік қызметтерді қысқарту және зейнетақыны қысқарту перспективалары кіруі мүмкін екенін ескертті.
Бұған дейін 13 қаңтарда Бельгияда бірден бірнеше салаға әсер ететін ауқымды ереуіл жоспарланғанын жазған болатынбыз.