Әуе тасымалы саласында билет құнын қайтарып алу мүмкін бола ма
АСТАНА.KAZINFORM – Авиатасымалдау саласында алдын ала билет алып қойған жолаушы сапарынан бас тартса, оның ақшасы толықтай қайтарылмайтын жүйе жойылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов айтты.
— Әуе билеттері жайлы айтар болсақ, өкінішке қарай туризм және туристік қызмет, жолаушыларды әуемен тасымалдау саласында сондай бір олқылық бар. Егер сіз қандай бір жағдаймен алдын ала билет алып қойған рейспен ұша алмайтын болсаңыз не туристік сапарға бара алмайтын боп қалсаңыз, онда осы бизнес субъектілері сіздің ақшаңызды толықтай ұстап қала алады. Ал теміржол саласында тасымалдаушы бұндай жағдайда тек билет құнының 30 пайызына дейінгі сумманы ұстап қалуы мүмкін. Бұл жерде әділетсіздік бар, сондықтан осы мәселені депутаттармен талқылап жатырмыз. Бұл келеңсіздік алдағы уақытта жойылады деп ойлаймын, - деді ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау: бизнес, мемлекет және қоғам диалогы» атты форумда.
Еске сала кетсек, елімізде 2023 жылдың қыркүйегінен бері Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Қазір ол Мәжілістің қарауында.
Жаңа заң қабылданған соң тұтынушы 4 сатылы шағымдану кезеңдерінен өтпестен, бірден сотқа жүгіне алатын болады.
Сондай-ақ тұтынушылар құқығын қорғау омбудсмені институты құрылады.
Одан бөлек, электрондық сауда саласында да өзгеріс болады.