Әуезов театрын жаңарту жұмыстары қашан аяқталады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрын жөндеу жұмыстары 2026 жылға дейін аяқталады.

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, қала басшысы Дархан Сатыбалды театрдың қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Театрды жаңарту қажеттілігі оның техникалық жай-күйіне байланысты туындаған. Кейбір құрылымдар сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сай келмеген, инженерлік жүйелер толық ескірген, ал ғимараттың қасбеті мен ішкі кеңістіктері әбден тозған.

Фото: Алматы әкімдігі

Мердігер компания өкілдерінің сөзінше, жобаның басты мақсаты — театрдың тарихи келбетін сақтау. Осыған байланысты сыртқы қасбет қайта жасалып, ішкі әрлеу жұмыстары — аспашамдар, барельефтер, еден жабыны қалпына келтіріледі.

Фото: Алматы әкімдігі

Бұған қоса, сахналық жабдықтар жаңартылып, техникалық бөлмелер заман талабына сай жабдықталады. Театр ішінде артистер мен қызметкерлерге арналған жаңа дайындық залдары, жұмыс орындары мен қойма қарастырылады. 

Қайта жаңғырту жұмыстарын театрдың 100 жылдық мерейтойына орай, 2026 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл өнер ордасы еліміз үшін маңызды мәдени нысан.

Фото: Алматы әкімдігі

Дархан Сатыбалды театр маңындағы аумақты көркейту жобасымен де танысты. Жоба ұлттық нақышты сақтауға, музыкалық аспап бейнесіндегі шағын сәулет нысандарын орнатуға және сәндік алма ағаштарын егуге бағытталған.

Фото: Алматы әкімдігі

Осыған дейін Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қасбет эскиздерін ұсынған болатын. 

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, 2020 жылы Әуезов театрына «Ұлттық» мәртебесі берілген еді.