Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы ахуал әлі де ушығып тұр

Фото: aa.com.tr

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістандық БАҚ-тың хабарлауынша, Ауғанстан күштері шекарадағы Куррам ауданында орналасқан пәкістандық әскерге «негізсіз» шабуыл жасаған. Бұл туралы Анадолу ақпарат агенттігі жазды.

Ауғанстан мен Пәкістан арасында екі елдің шекарасы саналатын Дюранд сызығы маңында қақтығыстар қайта жалғасып жатыр.

Кабулдан хабар тарататын Tolo News кабельдік телеарнасы америкалық X әлеуметтік желісінде жариялаған мәліметке сәйкес, өткен аптада Ауғанстан мен Пәкістан шекара қызметтері арасында тағы да бірнеше қақтығыс болған.

Tolo News телеарнасына берген сұхбатында Ауғанстанның шығысындағы Хост провинциясының губернаторының баспасөз хатшысы ауған күштері Дюранд сызығы маңында пәкістандық әскерге шабуыл жасағанын растады.

Оның айтуынша, Пәкістан шабуылға дайындалған, бірақ «мақсатына жете алмаған», ал қақтығыстар әлі де жалғасып жатыр.

Карачиде орналасқан Geo News телеарнасы пәкістандық қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап, Ауғанстан күштері Пәкістан әскеріне «еш себепсіз» шабуыл жасағанын хабарлады. Шабуыл Куррам ауданындағы шекарада болған.

Аталған дереккөздер Пәкістан әскерінің бұл шабуылға «қатаң әрі дереу жауап бергенін» айта отырып, қақтығыс барысында бірнеше ауған базасына айтарлықтай залал келгенін және бір танкінің жойылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ дереккөздер Пәкістан әскері «жоғары жауынгерлік дайындық жағдайында» екенін және елді болуы мүмкін шабуылдардан қорғауға толық дайын тұрғанын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Ауғанстан шекарасындағы Пәкістан әскері жоғары әскери дайындық режиміне ауыстырылғанын хабарлағанбыз.