Ауғанстаннан әскерлерді шығарудың 25 жылдығына орай жиын өтті - Астана

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сұрапыл соғыстың суығына тоңып, жалынына шарпылған ардагерлердің азаматтық ұстанымдары құқық қорғау саласында қызмет етіп жатқан жас буынмен қатар, өскелең ұрпаққа өнеге болуы тиіс.

Осындай мақсатпен елордалық ІІД бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылуына 25 жыл толуына орай, өз ардагерлеріне ілтипат білдірді. Қазіргі таңда елордалық Ішкі істер департаментінде Ауғанстан Республикасында интернационалды борыштарын өтеген 16 ардагер және 4 қызметкер бар. Қаһарлы соғыстың қатігез күндерін басстан өткізген ардагерлер өз еңбектерін ішкі істер органдарында жалғастыруда.

Жиын барысында «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен ІІД Кинологиялық қызмет орталығының кезекші инспекторы полиция майоры Ерболат Серікбаев, ҚР ІІМ Грамотасымен жол-патрульдік полиция қызметінің қызмет инспекторы полиция майоры Жанат Серікбаев марапатталды. Сонымен қатар, ҚР ІІМ Алғыс хаты ІІД Жедел басқару орталығының инспекторы полиция майоры Сапарғазы Байғалиевке табысталды.

Алматы аудандық ІІБ бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев атап кеткендей: «Ерлік пен патриоттылықтың дәстүрі - қоғамның жарқын дамуының маңызды факторы. Сол қағидадан таймаған Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлері жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен қайраттылықты қалыптастыруда үлгі болып табылады».

Жиын соңы концертке ұласып, патриоттық әндер шырқалды, деп хабарлады Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен.