Ауыл мектебінің бәсі биік болуы білім сапасына байланысты - Светлана Оразова

Ауыл мектебінің бәсі биік, мәртебесі жоғары болуы үшін не істеу керек? Kazinform тілшісінің бұл сауалына Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Светлана Оразова жауап берді.

Фото: С. Оразованың жеке мұрағатынан

- Светлана Қошанқызы, жуырда Республика күніне орай «Құрмет» орденімен марапатталдыңыз, құтты болсын! Бұл көп жылғы еңбектің өтеуі ғой. Жалпы, құрмет сөзін қалай түсінесіз?

- Құрмет – біреуге сый-құрмет, қошемет көрсету, ілтипатын білдіру, ардақтау, қадірлеу дегенді білдіретін ұғым деп түсінемін.

Республика күні мерекесінде жоғары мемлекеттік награда алған жерлестерімнің қатарында болғаным мен үшін күтпеген жайт болды.

Жалпы, педагогикалық еңбек өтілім биыл 40 жылға жетіп отыр, соның ішінде 29 жылы осы Абай атындағы мектеп-гимназиясында ашылған күннен бастап өтті. Бастапқыда ағылшын тілі пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болсам, кейін мектеп директоры қызметін атқарып келем. 1994 жылы ашылған мектеп-гимназия аудан, облыс, республика көлемінде бірқатар жетістікке қол жеткізіп келе жатқан білім ордасы ретінде танымал. Иә, бұл марапат осы жылдардағы қол жеткізген табыстарымның өлшеуі шығар.

Фото: С. Оразованың жеке мұрағатынан

- Өмір жолыңыздың бастауында тұрған ұстаздарыңыз кімдер, мұғалімдік мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

- Бастауыш сыныптарда білім негізін қалаған туған ауылым Горячкин негізгі мектебінің мұғалімі болған Қойшекен Төлемісов ағайым болса, 5-сыныптан бастап ағылшын тілі пәнінен сабақ берген ұстазым Сәуле Нығметова осы пәнге деген қызығушылығымды оятты. Кейінгі сыныптарды Чапаев қазақ орта мектебінде жалғастырып, осы мектептен орта білім алып шықтым. Сынып жетекшім, кейін еңбек жолымды жаңа бастаған жылдары ақылшы әріптес болған, әлі күнге дейін әрбір жетістігіме қуанып отыратын ҚР білім беру ісінің үздігі Тамара Аманғалиқызы Нұрғалиева – үлгі тұтар ұстазым. Осы және маған сабақ берген басқа да ұстаздарымның мұғалім мамандығын таңдауыма ықпалы болды.

- Өзіңіз басқаратын Абай мектеп-гимназиясының басты табыс-жетістіктеріне тоқтала кетсеңіз?

- Мектеп-гимназия ҰБТ нәтижесі бойынша 2004 жылдан бері республикада «100 үздік мектеп» қатарында. Мектеп түлектері 2007, 2019, 2022 жылдары 100 пайыз мемлекеттік грант иегерлері атанды. Жылдар жүзінде мектеп-гимназияны 31 түлек «Алтын белгімен», 36 түлек «Үздік аттестатпен» тәмамдады.

2021 жылы республикалық «Үздік педагог» конкурсында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсел Ерментаева жеңімпаз атанды, Өскемен қаласында өткен республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасында жас мұғалім Перизат Бәкірова 2-орыннан көрінді.

2022 жылы облыста мектеп-гимназия «Үздік мектеп» аталымын иеленді. Сондай-ақ мектеп командасы І аймақтық жетекші мектептер олимпиадасында үздік үштікке. Осы жылы облыстық қоғамдық-гуманитарлық пәндер мұғалімдерінің «The Millennial Teaсher» конкурсында мектеп командасы 1-орын алды.

2021-2022 оқу жылында мектептің 6 оқушысы, 2022-2023 оқу жылында 12 оқушы облыстық пән олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. 2021 жылы оқушылардың жалпы пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде 9-сынып оқушысы Айнара Бақтығали және «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында Інжу Жәрдем 3-орын және қола медальды еншіледі. 2022 жылы 7-сынып оқушысы Айару Рашид республикалық «Жыл оқушысы» байқауының жеңімпазы болды. Мектептен республикалық «Айқанат» олимпиадасының 5 жеңімпазы, ұлттық «Мың бала» олимпиадасының 6 жеңімпазы шықты. «Жайық-Урал 2022» туристік-экологиялық экспедиция жасақтарының облыстық слетінде 10-сынып оқушылары Айару Закария, Әсем Ибрашева, биыл мектеп оқушыларының командасы облыстық «Батыс Қазақстан облысының табиғат ескерткіштері» экологиялық экспедициясында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ 10-сынып оқушысы Назгерім Сәкенқызы облыстық «Қадыр оқуларының» бас жүлдесін иеленіп, осы тамыз айында Семей қаласында өткізілген республикалық «Абай әндері» сайысынан 3-орынға ие болды. Осы оқу жылы басталғалы 8-сынып оқушысы Құндыз Зинеш «Балалар оқуы» сайысының облыстық кезеңінен алдына жан салмай, республикалық сайысқа аттанды. Оған қоса, бірнеше оқушы облыстық олимпиада, байқауларда жеңімпаз, жүлдегерлер қатарынан табылды.

Фото: С. Оразованың жеке мұрағатынан

- Қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайту үшін қандай шаралар атқарылуы қажет деп ойлайсыз?

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласы бойынша қала мен ауыл мектептері арасындағы білім алшақтығын қысқарту міндетін де қойған болатын. Осы орайда 2018 жылы өзінің бастауын алған облыстық «БАТЫС INNOVATIONS» жобасы аясында өңірдегі инновациялық мектептермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды. Ұжым 2019 жылдан бері тірек мектеп ретінде ауданның бес мектебімен тьюторлық қызметін жүргізді. Жобаның ІІ кезеңінде қамқорлыққа алынған мектеп – аудандағы Есенсай мектебі және Казталов ауданының Тереңкөл мектебімен менторлық технологияны қолдану арқылы білім сапасын арттыру бағытында ынтымақтаса жұмыс жасады. Ал осы жылдан бастап Тасқала ауданы Шежін және ауданымыздың Мерген мектебімен осы мақсатта бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы, озық әдіс-тәсілдерді қолдана білсек, ауыл мектептерін де жоғары деңгейге жеткізе аламыз деп ойлаймын.

- Бала – мектеп – ата-ана арасындағы қарым-қатынасты жақсарта түсу үшін, сіздің ойыңызша, не істеу қажет?

- Ата-аналардың мектеппен ынтымақтастығы үнемі бірлесе атқарған жұмыстары арқылы көрінеді. Спорттық, мәдени, отбасылық бірлескен іс-шаралармен бірге, ата-аналар жиналысы ата-анаға өз баласының білімі, тәрбиесі туралы жан-жақты кеңес алуға ыңғайланған консилиум түрінде өткізіледі. Осы жылдан бастап қоғамда отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғырту, ұлттық құндылықтарымызбен жас ұрпақты тәрбиелеу, мектеп пен отбасы байланысын нығайту, тәрбие мектептерінің жұмысын жандандыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі мен «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КеАҚ «Ата-аналарды білім беру ұйымдарында қолдау» жұмысы республиканың барлық білім беру ұйымдарында басталды. Мектеп-гимназияда да ата-аналарды қолдау бағытында жұмыс тобы құрылып, ата-аналар жиналыстарында педагогикалық қолдау орталығының бағдарламасы түсіндіріліп, мақсат-міндеттері, қызмет қағидалары, ата-аналар назар аударатын ұлттық құндылықтар туралы ақпарат берілді.

Фото: С. Оразованың жеке мұрағатынан

- Оқушылардың гаджетке тәуелділігін азайту, кибербуллингті, түрлі келеңсіз жағдайды болдырмаудың жолдары қандай?

- Балалар арасындағы гаджетке тәуелділікті азайту, кибербуллингті, түрлі келеңсіз жағдайды болдырмау үшін бала ата-ананың үнемі бақылауында болуы керек. Баланың күн режимін сақтауы қадағалануы тиіс. Олар түрлі үйірмелерге қатысып, кітап оқуға дағдылануы керек.

- Ауыл мектебінің бәсі биік, беделі жоғары болу үшін не істеу керек? Қазіргі заманғы озық тәжірибені енгізе білу жолдары қандай?

- Оқытудың, оқудың үздік тәсілдерін іздеу, жаңа идеяларды өңдеу, дамыту, рефлексиялау арқылы тәжірибені жетілдіру, мектеп мәдениетінің қалыптасуы мен жаңаруына үлес қосу мақсатында мектеп-гимназиядағы көшбасшы мұғалімдердің «Диалог» қоғамдастығы үш бағытта жұмыс жүргізеді. Мұғалімдердің көшбасшылығымен мектепті дамыту үшін енгізілген жаңа тәсілдер: сабақты бинарлы, үш жақты, көп жақты жоспарлау, Action research, сыншы дос, Lesson Study, CLIL оқыту әдістері мұғалімнің кәсіби дамуына ықпал етіп отыр. Ал мұғалімнің әр сабағы жіті жоспарланып сапалы өткізілген жағдайда білім сапасының жоғары болуына да әсер етері сөзсіз.

- Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз.