Мөлдір Сәуренбек Ақмола облысы Қоянды ауылындағы мектепте математика пәнінен сабақ береді. «Алтын белгімен» мектеп бітіріп, жоғары оқу орнында грантпен білім алған ол еңбек жолын ауылдан бастауды таңдаған.
— Өзім ауыл мектебін тәмамдадым. Бала кезімнен мұғалім болуды армандадым. Осы мақсатқа жетуіме сынып жетекшім, математика пәнінен сабақ берген Ақмарал Бақытқызының ықпалы зор болды, — деді ол.
Жас маман қыркүйек айынан бастап 5-6-сыныптарға математикадан, 8-сыныпқа алгебрадан сабақ беріп келеді.
— Математика — күрделі пәндердің бірі. Сондықтан оқушыларға қиын есептерді жеңіл жолмен түсіндіруге, әрқайсысымен тіл табысуға тырысамын, — деді мұғалім.
Оқушылардың назарын аудару үшін жас маман цифрлық құралдарды тиімді пайдаланады. Wordwall және LearningApps платформалары арқылы тапсырмалар әзірлеп, математикалық пазлдар мен «Ойлан, тап» әдісін қолданады. Айтуынша, бұл тәсілдер оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып, логикалық ойлау қабілетін дамытуға көмектесіп жүр.
Бұған дейін білім саласына 7 жылда 1,5 трлн теңгенің гранты бөлінгенін жазған едік.