«Ауыл» партиясының төрағасы мәслихат сайлауында дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM — «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов мәслихаттар депутаттары сайлауында өз таңдауын жасады.

Фото: видеодан алынған кадр

Партия жетекшісі Астанадағы №83 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол сайлауды ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиға деп атады.

– Мәслихаттар – жергілікті өкілдіктің аса маңызды институты. Азаматтардың мүдделері осы орган арқылы нақты шешімдерден көрініс табуы тиіс. Сайлауға қатысу – өңірлеріміз бен тұтас еліміздің бүгіні мен болашағы үшін жауапкершілік, - деп жазды Қайрат Айтуғанов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салайық, бүгін, 29 қарашада, Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр.

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттары сайлауында сағат 16:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 53,86% дауыс берді. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясы хабарлаған болатын.