Ауыл шаруашылығы мамандығында оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы қашан артады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының ауыл шаруашылығы мамандығында оқып жатқан студенттердің шәкіртақысын көтеруге қатысты сауалына жауап берді.
— «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыттары бойынша білім алатын студенттер үшін басқа да дайындық бағыттарымен қатар 2025 жылдың 1 қыркүйегінде шәкіртақы көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артып, 52 372 теңге болды. Бұл ретте шәкіртақы көлемін арттыру ҰБТ-ның шекті балын көтеруді талап етеді. Өйткені, ол педагогикалық бағытта — 70 балл, ал медицина бағытында — 75 балл. Аграрлық мамандықтар бойынша шекті баллды көтеру (бүгінде 50 балл) талапкерлердің аталған бейіндер бойынша жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін шектейді, — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр студенттердің шәкіртақы көлемін арттыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат қажет болатындығын атап өтеді.
— Айтылғанды ескере отырып, ауыл шаруашылығы бағытында білім алып жатқан студенттер үшін шәкіртақы мөлшерін арттыру мәселесін 2028 жылдан кейін қарастырған жөн, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары да аграрлық мамандық студенттерінің шәкіртақысын көтеруді ұсынған еді.